Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
12.10.2026

РНП сот ісін жүргізудің жариялылығы туралы қаулы жобасын талқылауға қатысты

РНП · Жаңалықтар
РНП сот ісін жүргізудің жариялылығы туралы қаулы жобасын талқылауға қатысты

Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов пен атқарушы директоры Гульнара Рыспекова Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің отырысына қатысты. Отырыста «Сот ісін жүргізудің жариялылығы қағидатын сақтау туралы» нормативтік қаулы жобасы талқыланды.
Талқылауға Кеңес мүшелері, судьялар, мүдделі мемлекеттік органдар мен заң қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Жобаны таныстырған азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов құжаттың сот талқылауының ашықтығы мен соттардың қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізуді реттейтін заңнаманы қолданудың бірізді тәжірибесін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Жоба сот ісін жүргізудің барлық түріне қатысты түсіндірмелерді қамтиды. Онда азаматтар мен журналистердің сот отырыстарына қатысуы, қашықтан қол жеткізу, түсірілім мен трансляция жүргізу, сондай-ақ сот актілерін жариялау мәселелері қарастырылған.
Сот төрелігінің ашықтығы мен жеке өмірді, дербес деректерді, жеке, отбасылық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ерекше назар аударылған. Жобада сот отырысының ашықтығы мен іс материалдарына қол жеткізудің аражігі ажыратылған: ашық сот отырысына қатысу құжаттар мен ондағы мәліметтерді еркін алуға құқық бермейді.
РНП өкілдері нотариаттық құжаттарды сотқа ұсыну және сот талқылауы барысында зерттеу кезінде азаматтардың жеке өміріне қатысты мәліметтерді қорғау қажеттігіне назар аударды. Мұндай құжаттарда дербес деректер, отбасылық және мүліктік қатынастар туралы ақпарат болуы мүмкін. Жеке өмірге қол сұғылмаушылық жөніндегі конституциялық кепілдіктерді ескере отырып, бұл мәліметтердің заңсыз жария етілуіне жол бермеу қажет.
Сонымен қатар РНП дәлелдеме ретінде ұсынылатын жеке хат алмасуды, соның ішінде WhatsApp хабарламаларын қорғау мәселесін көтерді. Оларды сот отырысында зерттеу, сондай-ақ процесті түсіру және трансляциялау кезінде хат алмасу мазмұнының, қатысушылар мен үшінші тұлғалардың дербес деректерінің негізсіз жария болуына жол бермеу маңызды деп аталды.
Отырысқа қатысушылар жобаның негізгі ережелерін талқылап, ұсыныстарымен бөлісті. Жоғарғы Соттың ақпаратына сәйкес, құжатты одан әрі талқылау үшін ресми сайтта орналастыру жоспарланған. Нормативтік қаулыны 2026 жылдың соңына дейін қабылдау күтілуде.

Жаңалықтарға оралу