Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
28.09.2026

Қазақстан нотариустары Минскіде өткен халықаралық дөңгелек үстелге қатысты

РНП · Жаңалықтар
Қазақстан нотариустары Минскіде өткен халықаралық дөңгелек үстелге қатысты

2026 жылғы 24 қыркүйекте Минск қаласындағы ТМД Атқарушы комитетінде «Кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғау және құқықтарын сақтау ісіндегі нотариустың рөлі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің нотариаттық қоғамдастықтарының, мемлекеттік органдарының өкілдері мен сарапшылары қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысына ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Әділет министрлері кеңесінің жауапты хатшысы Ирина Целиковец және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бала құқықтары жөніндегі уәкілдері комиссиясының халықаралық іс-шараларды дайындау мен өткізу жөніндегі үйлестіру жұмыс тобының үйлестірушісі Наталия Прокопович модераторлық етті.
Іс-шараның ашылуына ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің нотариаттық қызмет саласындағы базалық ұйымының басшысы, Беларусь нотариаттық палатасының төрағасы Елена Гринкевич, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен кәсіби қоғамдастықтың басқа да өкілдері қатысты.
Халықаралық шараға Қазақстан нотариатының атынан Алматы қаласының нотариусы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Сауле Казакеева және Астана қаласының нотариусы, PhD докторы Индира Смаилова қатысты.
Сауле Казакеева «Қазақстан Республикасының нотариаттық практикасында кәмелетке толмағандардың мүліктік құқықтарын қорғау: нотариустың қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен өзара іс-қимылы» тақырыбында баяндама жасады.
Өз сөзінде ол кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын мәмілелерді куәландыру кезінде Қазақстан нотариустары қолданатын практикалық тәсілдерді таныстырып, баланың мүліктік құқықтарының сақталуын мұқият тексерудің маңыздылығына назар аударды.
Нотариустардың қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен өзара іс-қимылына, жасалатын мәмілелердің талаптарын бағалауға және кәмелетке толмағандар үшін ықтимал тәуекелдерді анықтауға ерекше көңіл бөлінді. Баланың мүлкі ата-анасының мүлкі болып табылмайтыны, сондықтан нотариаттық әрекет жасау кезінде кәмелетке толмағанның мүдделері дербес құқықтық қорғау объектісі ретінде қарастырылуға тиіс екені атап өтілді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар балалардың құқықтарының бұзылуына жол бермеудегі нотариустың рөлін, кәмелетке толмағандарға тиесілі мүлікке қатысты мәмілелерді куәландыру ерекшеліктерін, қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен өзара іс-қимыл тәжірибесін, сондай-ақ әртүрлі мемлекеттерде баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін қолданылатын тәсілдерді талқылады.
Индира Смаилованың айтуынша, конференцияға қатысу құнды кәсіби тәжірибе болды. Оның айтуынша халықаралық тәжірибе алмасу күнделікті жұмыс барысында кездесетін жағдайларға басқа қырынан қарауға, түрлі елдердің тәсілдерін салыстыруға және нотариустың қызметінде пайдалы болатын жаңа білім мен идеялар алуға мүмкіндік береді.
Мұндай кездесулер практикалық тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және нотариаттық қызметте кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғаудың ортақ тәсілдерін дамытуға ықпал етеді.
Қазақстан өкілдерінің халықаралық дөңгелек үстелге қатысуы отандық тәжірибені таныстыруға және басқа мемлекеттердің нотариаттық практикасында қолданылатын балалардың құқықтарын қорғау тетіктерімен танысуға мүмкіндік берді.

Жаңалықтарға оралу