Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
28.09.2026

РНП электрондық дәлелдемелер мәселелері жөніндегі халықаралық дөңгелек үстелдің бірлескен ұйымдастырушысы болды

РНП · Жаңалықтар
РНП электрондық дәлелдемелер мәселелері жөніндегі халықаралық дөңгелек үстелдің бірлескен ұйымдастырушысы болды

2026 жылғы 24-25 қыркүйекте Астана қаласында «Электрондық дәлелдемелерді куәландыру және оларды сотта бағалау» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі ұйымдастырды. Республикалық нотариаттық палата, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі және Германияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық қоры (IRZ) дөңгелек үстелдің бірлескен ұйымдастырушылары болды.
Дөңгелек үстел жұмысын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шарипов модератор ретінде жүргізді. Іс-шараға судьялар, нотариустар, мемлекеттік органдардың, адвокаттық, заңгерлік және академиялық қоғамдастықтардың өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.
Электрондық дәлелдемелер саласындағы кәсіби және халықаралық диалогтің маңызы туралы Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Алексей Рогов, IRZ жобалары басшысының орынбасары Ната Эккер, Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова және Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов сөз сөйледі.
Қатысушылар технологиялық өзгерістердің қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтып отырғанын атап өтті. Қазақстанда өтіп жатқан AI MONTH 2026 аясында цифрлық ақпараттың шығу тегі, сақталуы, өзгермегендігі және анықтығы мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр.
Нұрсерік Шарипов сот дауларының 80 пайыздан астамында цифрлық іздер кездесетінін хабарлады. Бұл электрондық дәлелдемелердің жол берілетіндігі мен анықтығын айқындайтын бірыңғай өлшемшарттарды процестік заңнамада бекіту қажеттігін көрсетеді.
Жоғарғы Соттың судьясы Елена Максюта бір тарап ұсынған скриншоттарды бағалаудың тәуекелдеріне, мессенджерлердегі тез жойылатын ақпаратты уақтылы тіркеу қажеттігіне, сондай-ақ дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы нотариаттық хаттамаларға дау айту кезінде туындайтын процестік мәселелерге назар аударды.
Электрондық дәлелдемелермен жұмыс істеу тәжірибесімен Әзербайжанның судьясы Эльшад Шамаев, Өзбекстанның судьясы Ровшан Сагатов, Германияның судьясы Гельмут Ляйтхойзер, Қырғызстанның судьясы Бактыбек Садыгалиев және Минск нотариаттық округінің нотариусы Юлия Божко бөлісті.
Жергілікті соттардың судьялары Жанар Жайлебаева мен Айгүл Тагажаева дәлелдемелерді нотариаттық қамтамасыз ету кезінде жіберілетін және материалдарды сотта бағалауға әсер етуі мүмкін типтік бұзушылықтарды қарастырды.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Нодирбек Назиркулов криптобиржалардың қызметіне қатысты құқықтық мәселелерді түсіндірді.
Халықаралық сарапшы Ион Гайна дәлелдемелерді нотариаттық қамтамасыз ету мен техникалық сараптаманың ара-жігін ажырату тәсілдерін ұсынды. Maqsut Narikbayev University профессоры Сеул Хон жасанды интеллект арқылы жасалған контентті бағалау жөнінде ұсынымдар берді.
Цифрлық тасымалдағыштармен және электрондық деректермен жұмыс істеудің практикалық әдістерін Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің криминалистикалық бөлімінің басшысы Азамат Қалиев және Алматы қаласының нотариусы Алтынай Макешева таныстырды. Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғау мақсатында дәлелдемелерді қамтамасыз ету құралдары туралы «Құқықтық қорғау және заң қызметтерін көрсету орталығы» заң консультанттары палатасының өкілі Олжас Әлімов пен Республикалық адвокаттар алқасының өкілі Светлана Куликова баяндады.
Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов «Дәлелдемелерді нотариаттық қамтамасыз ету: құқықтық негіздер, өкілеттік шектері және құзырет шекарасы» тақырыбында баяндама жасады.
Ол дәлелдемелерді қамтамасыз ету кезінде нотариус кейін өзгертілуі, жойылуы немесе қолжетімсіз болуы мүмкін ақпаратты жедел сақтайтынын атап өтті. Нотариаттық тәжірибеде интернет-сайттардағы, әлеуметтік желілердегі, электрондық поштадағы, мессенджерлердегі, жеке кабинеттердегі және өзге де цифрлық сервистердегі мәліметтер тіркеледі.
Бұл ретте нотариус экранда көрсетілген мазмұнды, парақшаның мекенжайын, қарау күні мен уақытын және әрекеттердің ретін тіркейді. Алайда ол хабарламаның нақты авторын анықтамайды және файлға техникалық зерттеу жүргізбейді. Монтаж белгілерін, метадеректердің өзгертілуін анықтау, жойылған деректерді қалпына келтіру және файлдың техникалық түпнұсқалығын белгілеу арнайы білім мен сараптаманы талап етеді.
Дәлелдемелерді нотариаттық қамтамасыз етуге сұраныс тұрақты өсіп келеді. 2022 жылы Қазақстан нотариустары осындай 3 007 әрекет жасаса, 2023 жылы олардың саны 4 925-ке, 2024 жылы 8 134-ке, ал 2025 жылы 9 523-ке жетті. 2026 жылғы 23 қыркүйектегі жағдай бойынша 10 721 әрекет жасалған. Осылайша, биылғы көрсеткіш жыл аяқталмай жатып 2025 жылдың толық нәтижесінен асып түсті.
Алматы қаласының нотариусы Алтынай Макешева «Электрондық дәлелдемелерді нотариаттық куәландырудың ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасады.
Электрондық поштаны мысалға ала отырып, ол цифрлық ақпаратты қарау тәртібін таныстырды және нотариаттық хаттамада қандай мәліметтер көрсетілуге тиіс екенін түсіндірді. Атап айтқанда, жіберуші мен алушының электрондық пошта мекенжайлары, хаттың түрі, жіберілген немесе алынған күні мен уақыты, тақырыбы, мазмұны, тіркелген файлдар және электрондық хаттың техникалық тақырыптары белгіленеді.
Техникалық тақырыптарда хабарламаның жіберілген уақыты мен бағыты, пошта серверлері, сондай-ақ SPF және DKIM тексерулерінің нәтижелері туралы мәліметтер болуы мүмкін. Мұндай ақпарат хаттың көзге көрінетін мазмұнын ғана емес, оны жіберу мен алуға қатысты қолжетімді техникалық деректерді де сақтауға мүмкіндік береді.
Қатысушылар дәлелдемелерді нотариаттық қамтамасыз ету институтын одан әрі дамыту мүмкіндігін талқылады.
Қазіргі уақытта ел ішінде нотариус дәлелдемелерді сотта немесе басқа құзыретті органда іс жүргізу басталғанға дейін қамтамасыз етеді. Алайда электрондық ақпаратты жедел сақтау қажеттілігі іс қаралып жатқан кезде де туындауы мүмкін. Мысалы, іс жүргізу басталғаннан кейін интернетте жаңа жарияланым пайда болып, сот оны қарауды ұйымдастырғанға дейін жойылып кетуі ықтимал.
Осыған байланысты сот ісін жүргізу басталғаннан кейін де дәлелдемелерді нотариаттық қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Ұсыныс одан әрі талқылауды және процестік әрі нотариаттық заңнамаға келісілген өзгерістер енгізуді талап етеді.
Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, Нұрсерік Шарипов нотариаттық хаттама белгілі бір ақпараттың болғанын тіркейтінін, ал монтаж белгілерін, метадеректердің өзгертілуін немесе өзге де техникалық бұрмалауды анықтау сарапшының құзыретіне жататынын атап өтті.
Соттар цифрлық материалдардың шығу тегін тексеріп, ұсынылған скриншоттарға формалды түрде сенумен шектелмеуге тиіс.
Екі күндік кәсіби диалогтың қорытындысы бойынша процестік нормаларды одан әрі жетілдіруге және электрондық дәлелдемелер мәселелері жөніндегі бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға негіз бола алатын ұсынымдар әзірленді.

Жаңалықтарға оралу