Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі қалай мұраға өтеді? Мұрагерлер мен жұбайынан айырылған адамның мүліктік құқықтарын қорғауда нені ескеру қажет? Цифрлық активтерді мұраға қалдыру қандай жаңа міндеттер жүктейді? Осы және өзге де мәселелер 2026 жылғы 14 қазанда өткен халықаралық вебинарда талқыланды.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің нотариаттық қызмет саласындағы базалық ұйымы ұйымдастырған кездесуге Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан нотариаттарының өкілдері қатысты. Вебинар ортақ бірлескен меншіктегі мүлікті мұраға қалдыруға, сондай-ақ мұраны жоспарлау құралдары – мұрагерлік шарт пен бірлескен өсиеттің артықшылықтары мен тәуекелдеріне арналды.
Қазақстан атынан Алматы қаласының нотариусы Гюзель Булатовна Аюханова баяндама жасады. Ол ортақ бірлескен меншіктегі мүлікке мұрагерлік құқықтарды ресімдеу тәжірибесімен бөлісіп, мұра құрамын айқындау және мұрагерлер мен көзі тірі қалған жұбайдың мүліктік мүдделерін қорғау мәселелеріне тоқталды.
Баяндамашы ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі мен әрқайсысының жеке меншігін ажырату, қайтыс болған адамның ортақ мүліктегі үлесін анықтау және неке шартының мүліктік қатынастарға ықпалы жөнінде сөз қозғады.
Ортақ мүліктің түгелдей емес, қайтыс болған адамға тиесілі үлесінің ғана мұра құрамына кіретініне назар аударып, нотариаттық тәжірибеде кездесетін қиындықтарды қарастырды.
Мұраны алдын ала жоспарлау мәселесі де баяндамада қамтылды. Гюзель Аюханова өсиет, неке шарты және заңнамада көзделген өзге де тетіктер арқылы мүліктік қатынастарды реттеу мен болашақ даулардың алдын алу мүмкіндіктерін түсіндірді. Осы орайда шетелдік тәжірибеде қолданылатын мұрагерлік шарт пен ерлі-зайыптылардың бірлескен өсиеті салыстырыла қарастырылды.
Сондай-ақ зейнетақы аннуитеті шарты бойынша төлем алушы қайтыс болғаннан кейінгі төлемдер мәселесі қозғалды. Баяндамашы мұндай жағдайда шарт талаптары мен төлемді алуға құқылы адамның көрсетілуі маңызды екенін атап өтті.
Криптовалюталарды, соның ішінде биткоинді мұраға қалдыруға ерекше көңіл бөлінді. Мұндай активтерді анықтау және оларға қол жеткізу нотариаттық тәжірибеде жаңа сұрақтар туындатып отыр. Қажетті кілттер мен қол жеткізу деректерінің болмауы мұрагерлердің өз құқықтарын іске асыруын едәуір қиындатуы мүмкін. Осыған байланысты Гюзель Аюханова цифрлық активтерге қол жеткізуге қажетті мәліметтерді мұрагерлерге құпия түрде жеткізу үшін құпия өсиетті пайдалану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Вебинар барысында қатысушылар мұрагерлік құқықтарды ресімдеудің ұлттық тәжірибелерін салыстырды. Ресейде қолданылатын ерлі-зайыптылардың бірлескен өсиеті мен мұрагерлік шартқа жеке назар аударылды. Тула қаласының нотариусы Анна Кленикова мен Челябі облысы нотариаттық палатасының нотариусы Наталья Ситникова осы құралдардың ерекшеліктерін, мүмкіндіктері мен тәуекелдерін таныстырды.
Кездесуді қорытындылаған Беларусь нотариаттық палатасының төрайымы, ТМД-ның нотариаттық қызмет саласындағы базалық ұйымының басшысы Елена Гринкевич ортақ мәселелерді шешу тәсілдерін жақындастыруда кәсіби тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті.
Мұндай кездесулер қазақстандық нотариустарға отандық тәжірибені таныстыруға, шетелдік әріптестердің жұмысымен танысуға және азаматтардың мұрагерлік құқықтарын қорғау кезінде туындайтын нақты мәселелерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік береді.
Келесі вебинар 18 қарашаға жоспарланған. Онда мұраны қорғау және басқару шаралары, сондай-ақ банк сейфіндегі мүлікке мұрагерлік құқықтарды ресімдеу ерекшеліктері қарастырылады.
15.10.2026
Ортақ мүлікті мұраға қалдыру: қазақстандық тәжірибе ТМД нотариустарына таныстырылды
РНП
