14 қазанда Астанада Maqsut Narikbayev University ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі заңгерлік кәсіптің болашағы: жаһандық сын-қатерлер мен жаңа парадигмалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасында заң білімін дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында «Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестік ұйымдастырды.
Конференция Қазақстан мен шет мемлекеттердің мемлекеттік органдары, сот жүйесі, заң ғылымы және кәсіби қоғамдастық өкілдерін біріктірді. Бағдарламада Әділет министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Жоғары Сот Кеңесінің, заңгерлер даярлайтын жоғары оқу орындары мен кәсіби бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Спикерлер қатарында Penn State және Үскүдар университеттері, Ташкент мемлекеттік заң университеті, Қырғыз Республикасының заң клиникалары қауымдастығы, Республикалық адвокаттар алқасы және KazBar өкілдері болды. Қатысушылардың мұндай құрамы заңгерлік кәсіптің болашағын халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім беру, құқық қолдану және кәсіби реттеу тұрғысынан талқылауға мүмкіндік берді.
Республикалық нотариаттық палатаның атқарушы директоры Гүлнара Рыспекова «Заңгерлік кәсіптің кәсіби стандарттары мен оны реттеу» панельдік сессиясы аясында «Жасанды интеллект дәуіріндегі нотариат» тақырыбында баяндама жасады.
Технологиялар нотариусқа көмектесуге тиіс, ал кәсіби пайым жасау және қабылданған шешім үшін жауапкершілік нотариустың өзінде қалуы қажет деген баяндамалардың негізгі тұжырымы болды. Жасанды интеллект заңнама мен сот практикасын талдау, құжаттарды тексеру, қателерді анықтау және құжат жобаларын әзірлеу үшін пайдаланылуы мүмкін. Алайда адамның шынайы ерік білдіруін, әрекеттерінің еріктілігін және олардың құқықтық салдарын түсіну қабілетін бағалау нотариустың тікелей қатысуын талап етеді.
Баяндамада цифрлық трансформация кәсіби даярлыққа қойылатын талаптарды арттыратыны атап өтілді. Тәуелсіздік, бейтараптық, әдеп пен құпиялылық талаптарын сақтаумен қатар, нотариусқа цифрлық сауаттылық, электрондық жүйелердің жұмысын түсіну және ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерін бағалау дағдылары қажет.
Қашықтан өзара іс-қимыл жасау тәуекелдеріне: дипфейктер мен жалған дауыстық жазбаларды пайдалануға, қысым көрсету мен жасырын мәжбүрлеуді анықтаудың қиындығына ерекше назар аударылды. Бұл мәселелер қателіктің салдары ауыр болуы мүмкін нотариаттық әрекеттерді, соның ішінде жылжымайтын мүлікке қатысты әрекеттерді жасау кезінде айрықша маңызды.
Нотариаттық қызметке жасанды интеллектіні енгізу дербес деректер мен нотариаттық құпияны қорғаумен, қолданылатын шешімдердің ашықтығымен және адамның міндетті бақылауымен қатар жүруге тиіс.
Цифрландыру тиімділігінің басты өлшемі ретінде азаматтардың құқықтарының қорғалу деңгейі белгіленді. Қазақстанның цифрлық нотариатын дамыту ұлттық ерекшеліктерді, халықаралық стандарттар мен озық тәжірибелерді ескере отырып, өзгерістердің өзегінде азаматтарды, оның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға тиіс.
14.10.2026
Жасанды интеллект дәуіріндегі нотариат: технологиялар және кәсіби жауапкершілік
РНП · Жаңалықтар
